Есть идея!  | 30 қыркүйек 08:41

Солтүстік өңірлерге көгілдір отын кешікпей жетеді

Бүгін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы, тиісті жобада бекітілген кестеге сәйкес, өз уақытында жүзеге асып жатқанын хабарлады. Бұған дейін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен меморандумға қол қою барысында аталған ауқымды құрылыс биылғы 10 қазанда аяқталатын мәлімдеген болатын. 

Қазіргі таңда автоматты дәнекерлеу-пісіру жұмыстары толығымен тәмамдалып, құбырдың 1061,3 шақырымы тартылған. Оның 515 шақырымы гидравликалық сынақтан сәтті өткен. Ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, қалған телімдерді сынауға дайындық жүргізілуде. Сынақ жұмыстары мәре сызығын кескеннен кейін құбырдың барлық телімдері бір-бірімен орама жапсарлармен жалғанбақ.

Сондай-ақ, газ өлшеу станциясы мен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы 5 газ тарату станциясының құрылысы кестеге сәйкес қолға алынуда.

"Сарыарқа" газ құбырының құрылысы бойынша жұмыстар кешені 2019 жылдың аяғына дейін тиянақталған соң, әкімдіктер елдімекендерді, соның ішінде елорданы газдандыру жұмыстарына кірісуді көздеуде.

Пайдалануға берілгеннен кейін "Сарыарқа" газ құбыры "Интергаз Орталық Азия" АҚ-ға (бұдан әрі - ИОА) жалға берілмек. Ол газ тасымалдауды жүзеге асыратын болады.

Қазіргі уақытта газ тарифінің мөлшері мен құрылымы анықталмаған. Газ тасымалының тарифін қалыптастыру кезінде ИОА-ның құбырды пайдалану шығындары мен жалға беру төлемдері ескерілуі тиіс. Ал тарифті бекіту Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзыретіне жатады. Осы орайда, "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңына сәйкес ішкі нарықта "ҚазТрансГаз" АҚ-ның тауарлық газды көтерме саудада сату бағасының жоғарғы шегін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекітетінін ескерткен жөн.

Айта кетейік, "Сарыарқа" елдің энергетикалық қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, орталық және солтүстік аймақтарды көгілдір отынмен үздіксіз қамти отырып, экологиялық ахуалды жақсартуға тиіс. Болашақта жеке-меншік және шағын коммуналдық азандықтарды, жерүйлер мен тұрғын үйлерді, жылу-электр орталықтарын біртіндеп газға ауыстыру межеленуде.