Есть идея!  | 11 наурыз 09:21

Маңғыстау мұнайшылары қарияларды құттықтауды да ұмытпады (фото, видео)

8 наурыз - қыз-келіншектер гүлге көмкеріліп, аналар құрметке бөленген күн. Бірақ бәрімізге жақын адамдардан бөлек, арнаулы әлеуметтік мекемелердегі жылы сөзге қамкөңіл жандар бар ғой?! Осы орайда қоғам алдындағы парызын орындау мақсатында ұжымдағы шаралардан тыс, Қарттар үйіне де баруға үлгерген "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының жастары әріптестерінің алғысына бөленді.

Күні кеше ғана Абай атындағы Мәдениет сарайына жиналған аналар мен қыздарға «Көңіл-көктем» деп шалқыған салтанат сыйлаған жастар сол кештен кейін көктеменің ертеңгі күнін де мерекеге айналдыруға бәтуа байласқан болатын.

Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында мұнайшы жастар әжелер мен оларға қызмет көрсететін дәрігер, күтуші, аспаз қыз-келіншектерді құттықтау үшін сый-сияпаттарымен Қарттар үйіне келгенде, кең залда жиналып отырған жандардың жанарлары жарқ етті. Тағдырының талайымен осы мекенді паналаған олар үшін жастардың әр келісінің өзі бір мейрам. Ән мен күй сағынып отыратын кейуаналар мен ақсақалдар жыл сайын осы мезгілде бір айналып соғатын мұнайшыларды қуана қарсы алды. Дуылдатып қол шапалақтап, ортаға шығып би билеп, әр күй мен әнге балқып бір жасап қалғанын көріп тұрған Ғани Әбдісалық пен Дидар Мұңалбаев  бастаған Талғат Жақыпов, Айбек Жұрынбаев, Нұржан Дүйсенбай, Қайрат Қарабалаев, Махинур Ерғали, Гүлжамал Тұяқбаева сияқты маңғыстаумұнайгаздық өнерпаздар, Нұрлан Битан, Асқар Тілеубаев, Айсұлу Есниязова сынды көршіліес компаниядағы мұнайшы, тасымалдаушы өнерпаздардың да шабыты шалқыды.

Байырғы әріптес-мұнайшы Лидия Прокофьевна Мудрецова 60 жылдары түбекті игерген жалынды жастық дәуренін еске алып, Компания дәстүріне адал жастарға ақ жол тіледі.

Бөбектер үйінде де күні-түні сәбилерді аналық сезімдеріне бөлеп отырған барлық қызметкерлер үшін мұнайшылардың өнерден тағайындаған шашуы тосынсый болды.