Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев және жергілікті қазақ күресі федерация басшылары, ортақ істі ұлықтауға еңбегі сіңген ардагерлер қатысты деп хабарлайды ҚР Қазақ күресі федерациясының баспасөз қызметі.
Арман Шораев Федерацияны басқарған жылдарда "Қазақстан барысы" жобасын ұлттық идеяға айналдырды. Қазақ күресі балуандарын еліміздегі ең табысты спортшылар қатарына қосты. Сондай-ақ, "Әлем барысы", "Еуразия барысы", "Жас барыс", "Халық барысы" жобалары арқылы қазақ күресі спортшыларының әлеуметтік өрлеу сатысы қалыптасты. Федерация Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы құрамына қосылды.
Тарихи қадамдардың бірі - қазақ күресі ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Халықаралық "Qazaq kuresi" федерациясы құрылды.
"Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Федерацияның вице-президенті болып тағайындалды.
Конференция қатысушылары, шараның қорытындысы бойынша 2018-2019 жылдары атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, жаңа басшылыққа сәттілік тіледі.
Еске сала кетсек, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Федерация жұмысына, оның ішінде "Қазақстан барысы" жалпыхалықтық сайысына тұрақты қолдау білдіріп келеді.